Баспасөз релизі: Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры актуарийлерді даярлауға арналған толық онлайн-білім беру бағдарламасын іске қосты
14.11.2025 09:46 UTC+5
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (СТКБҚ) еліміздің сақтандыру саласы үшін кадрлық әлеуетті дамытудың маңызды кезеңін аяқтады – актуарийлерді оқытуға арналған міндетті минималды бағдарламаның барлық курстары жарияланды. Енді толық оқу циклі skills.enbek.kz білім беру платформасында онлайн форматта қолжетімді, бұл кез келген адамға ұлттық және халықаралық стандарттарға сай кәсіби даярлықтан өтуге мүмкіндік береді.
Қаржы нарығында болып жатқан жылдам өзгерістер – IFRS 17 стандартын енгізу, Solvency II жүйесіне дайындық, цифрландыру және реттеу тетіктерін жетілдіру – актуарийлердің рөлін айтарлықтай арттырып отыр. Олар тек есеп жүргізетін мамандар емес: олардың жұмысы зейнетақы және сақтандыру жүйелерінің тұрақтылығына, қаржылық болжамдардың дәлдігіне және тарифтік саясаттың теңгерімділігіне тікелей әсер етеді. Қазақстанда актуарийлерді даярлаудың кәсіби жүйесі бұрыннан бар, алайда skills.enbek.kz платформасында толық онлайн-бағдарламаның іске қосылуы сапалы білімді кең аудиторияға – студенттер мен жас мамандардан бастап, тәжірибелі сарапшылар мен компания басшыларына дейін – қолжетімді етудің маңызды қадамы болды.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бекітілген актуарийлерді оқытуға арналған міндетті минималды бағдарлама алты курстан тұрады және дайындықтың негізгі бағыттарын қамтиды. Бағдарламаға пайыздық мөлшерлемелер теориясы мен өмірді сақтандырудағы кездейсоқ үдерістер, аннуитеттерді модельдеу және бағалау, жалпы және медициналық сақтандыру, қайта сақтандыру, зейнетақы және әлеуметтік бағдарламалар, резервтерді бағалаудың актуарлық әдістері және халықаралық есептілік стандарттары мен сақтандыру саласын реттеу салалары енеді. Әр курс «А» және «В» бөлімдеріне бөлінген, бұл оқу процесін кезең-кезеңмен – математикалық негіздерден бастап қаржылық есептілікті талдау мен тәуекелге бағдарланған қадағалауға дейін – жүйелі түрде құруға мүмкіндік береді. Бағдарлама Қазақстанның сақтандыру заңнамасына бейімделген және 2025 жылдан бастап сақтандыру ұйымдарының басшылық құрамының кемінде 50% осы бағдарламаның жартысынан көбін өтуі туралы талапты қамтиды.
Бағдарлама экономика және техникалық бағыттар бойынша білім алып жатқан студенттерге, сақтандыру және қаржы саласының мамандарына, сондай-ақ басқарушылық және сараптамалық біліктілігін арттырғысы келетін ұйым басшыларына арналған. Бірінші курс тегін қолжетімді, ал қалған курстардың бағасы – 39 320 теңге. Оқу процесі онлайн форматта жүргізіледі, бұл жұмысты жалғастыра отырып оқуға мүмкіндік береді. Әр курсқа теориялық модульдер, практикалық тапсырмалар және нақты есептерге негізделген кейстер кіреді. Курс соңында қатысушы міндетті бағдарлама аясында танылатын аты-жөні жазылған сертификат алады.
СТКБҚ Басқарма төрағасы Олжас Ашкеевтің айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – тек білім беру ғана емес, сала мамандарының кәсіби деңгейін жүйелі түрде көтеруге бағытталған білім беру инфрақұрылымын құру:
«Актуарий – жай ғана есепші емес, ол – қаржылық тұрақтылықтың сәулетшісі. Біз халықаралық талаптарға сай келетін, сонымен қатар қазақстандық ерекшеліктерді ескеретін білім беру бағдарламасын жасадық. Бұл бір реттік бастама емес, бұл – еліміздің сақтандыру нарығының болашағына стратегиялық инвестиция», – деді ол.
Бағдарлама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) қолдауымен әзірленіп, жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бағдарламаны одан әрі кеңейту бағыттары қарастырылуда, оның ішінде андеррайтинг, тәуекелдерді басқару және инвестициялық талдау сияқты негізгі пәндер бойынша қосымша модульдер әзірлеу жоспарлануда. Мақсат – Қазақстанда сақтандыру саласына арналған үздіксіз кәсіби білім беру жүйесін қалыптастыру: қолжетімді, икемді және нақты нәтижеге бағытталған.
Курстар, тіркелу және Қордың жаңа білім беру бастамалары туралы өзекті ақпарат skills.enbek.kz және ipgf.kz сайттарында қолжетімді.
БАҚ үшін байланыс:
СТКБҚ баспасөз қызметі
zhanara.joldassova@ipgf.kz
+7 (777) 140 88 15








