ҚНРДА Төрағасының сақтандыру нарығына қатысушылармен тоқсан сайынғы кездесуінің қорытындысы бойынша

29.06.2023  19:53 UTC+5

2023 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова сақтандыру ұйымдары басшыларының, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізді.

Кездесуге қатысушылар автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.

«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-мен бірлесіп міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерін реттеудің жеңілдетілген рәсімін (Еурохаттама) іске асыруға арналған мобильді қосымша прототипінің тұсаукесерін өткізді.

Бұл мобильді қосымшаны пайдалана отырып, 2024 жылдан бастап тұтынушылар сақтандыру төлемін алуға өтініштерді жол-көлік оқиғасы (ЖКО) орнынан, жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей ресімдей алады.

Егер ЖКО-ға екі көлік ғана қатысса, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмесе, үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпесе, Еурохаттама қолданылады. ЖКО-ға қатысушыларда қолданыстағы міндетті автосақтандыру полисі болуға тиіс. Тараптар кімнің кінәлі, ЖКО салдарынан кімнің зардап шеккені туралы келісімге келуге, залал сомасы белгіленген лимит (100 АЕК) шегінде болатынын келісуге тиіс.

Ағымдағы жылғы үшінші тоқсанда сақтандыру нарығына қатысушылардың мобильді қосымшаны тестілеуі басталады. Ағымдағы жылғы төртінші тоқсанда қосымшаны пилоттық режимде сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Мобильді қосымша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалануға беріледі деп көзделген.

Еурохаттама процесті едәуір жеңілдетіп, сақтандыру төлемдерін алу мерзімін қысқартады, сонымен қатар жолдағы кептеліс санын азайтады.

Өткізілген кездесу аясында Агенттік 2024 жылдың басынан бастап күшіне енетін міндетті автосақтандыру бойынша тарифтерді есептеудің жаңа тәсілдері бойынша өз көзқарасын таныстырды. Бұл жаңалықтардың мақсаты автокөлік иелері үшін сақтандырудың барабар және әділ құнын анықтау болып табылады.

Автосақтандыру құнын есептеу үшін Агенттік жыл сайын сақтандыру статистикасының Бірыңғай сақтандыру дерекқорында жиналған деректер негізінде нақты өңірлердегі көлік құралдарын тіркеу шығындылығын ескере отырып автосақтандыру құнын есептеу үшін түзету коэффициентін бекітетін болады.

Икемді тарифтер жүйесін енгізуге дайындық жұмысы ағымдағы жылдың соңына дейін жүргізілетін болады.

Агенттік Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен бекітілген түзету коэффициенттерін есептеу тәртібіне сәйкес ағымдағы жылғы тамызда Агенттік таргеттелетін шығындылық және сенімділік факторының көрсеткіштерін, қарашада түзету коэффициенттерінің қорытынды мәндерін бекітетін болады.

2024 жылдан бастап міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысы жаңа тарифтермен есептелетін болады.

 

Төмендегі дереккөзден алынған ақпарат: https://www.gov.kz/

 

English Қазақ Русский
Еуропротоколдың байланыс орталығы – ✆ 2570 +7 727 339 3188 +7 727 248 0631 +7 727 393 2570
ipgf@ipgf.kz