Форумның қорытындысы
KAZAKHSTAN INSURANCE FORUM 2025
САҚТАНДЫРУ НАРЫҒЫНЫҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ: ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР, ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ КЕПІЛДІКТЕР
18 тамызда Алматы қаласында Kazakhstan Insurance Forum 2025 өтті — бұл қаржы секторы үшін жылдың басты оқиғаларының бірі, сақтандыру саласының өкілдерін, халықаралық ұйымдарды, қадағалаушы органдарды және 27 елден кепілдік беру қорларын біріктірді. Қазақстанның International Forum of Insurance Guarantee Schemes (IFIGS) ұйымына төрағалық ету жылы өткізілген бұл форум сақтандырудың болашағы жайлы стратегиялық диалог алаңына айналды. Сақтандыру мұнда тек қаржылық қызмет ретінде ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сенім мен тұрақтылық институты ретінде қарастырылды.
Форумды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының басқарма төрағасы Олжас Ашкеев және ҚР Ұлттық банк басқарма төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин ашты. Қатысушыларға арнаған сөзінде Мадина Абылкасымова Қазақстан сақтандыру нарығы дамуының жаңа кезеңінің алдында тұрғанын атап өтті — басты назар цифрландыруға, ерікті сақтандыруды кеңейтуге және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға аударылады.
Форум ұйымдастырушысы – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры атынан сөйлеген Олжас Ашкеев қазіргі кезеңнің басым бағыттарын белгіледі: сақтандыру секторының тұрақтылығын күшейту, кепілдік беру жүйелерін дамыту және жаһандық сын-қатерлер жағдайында халықаралық үйлестіру. Виталий Тутушкин форум алаңдарының қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен жүйелік тәуекелдерді басқару бойынша ортақ тәсілдерді қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
Саланың трансформациясы жағдайындағы реттеудің рөлі тақырыбындағы панельдік пікірталас негізгі трендтерді талқылаудың бастауына айналды. ҚРҚНРДА төрағасының орынбасары Мадина Хаджиева атап өткендей, тиімді реттеу бүгінде тек бақылау емес, сондай-ақ даму: инновациялар клиенттердің игілігі үшін жұмыс істейтін жағдайларды жасау. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы Елена Бахмутова ерікті сақтандыруды белсенді қолдау, микроөнімдерді дамыту және клиенттермен коммуникациялардың ашықтығын арттыру қажеттігін айтты. Халықаралық қатысушылар — Danish Financial Supervisory Authority, EIOPA, Әзірбайжан Ұлттық банкі және ODJO Actuaire Conseil консалтингтік тобының өкілдері — стресс-тестілеу мен тұрақтылықтың кешенді бағалауына басымдық берілетін қадағалау тәжірибесімен бөлісті.
Қатысушылардың ерекше назарын автоcақтандырудың қазіргі жағдайы мен болашағы жайлы талқылау аударды. ҚРҚНРДА деректеріне сәйкес, Қазақстанда 6,6 миллионнан астам міндетті автосақтандыру шарты бар, алайда залалдылық деңгейі 96%-ға жеткен, кейбір компанияларда — 100%-дан асады. 2024 жылы шамамен 92 млрд теңге төленді, жыл сайын 19 мыңнан астам жағдай бойынша Еуропротокол тетігі қолданылады. Серікбосын Төлебеков негізгі мәселені атап өтті: тарифтер нақты тәуекелді көрсетпейді, бұл жүйенің тұрақтылығын әлсіретеді.
Шешімдердің қатарында телематикалық модельдер, жекелендірілген тарифтеу және мінез-құлық деректері негізіндегі талдауды қолдану ұсынылды. Итальяндық сарапшы Серджио Десантис Еуропадағы тәжірибені көрсетті, онда сақтандыру сыйақылары жүргізу стиліне қарай есептеледі. Қазақстанның Мемлекеттік несие бюросының өкілі Линара Ануарбекова тәуекелі жоғары клиенттерді ерте анықтау жүйесін таныстырды. Сақтандыру омбудсмені Игорь Яковенко сотқа дейінгі реттеу барлық шағымдардың 85%-ын қамтитынын, оған цифрлық құралдар мен Бірыңғай сақтандыру деректер базасының (БСДБ) дамуы ықпал еткенін айтты.
Қатысушылар Azuria Partners компаниясының өкілі Марина Щуклинованың біріктірілген сақтандыру өнімдеріне арналған баяндамасына да қызығушылық танытты. Ол Австралия нарығының мысалында өмірді қорғау, сыни аурулардан сақтандыру және телемедицина, пациентті сүйемелдеу, жеке ассистенттер секілді сервистік функцияларды біріктіру маржиналдылықты арттырып, залалдылықты азайтып, клиенттердің адалдығын нығайтатынын көрсетті. Сарапшының пікірінше, бұл тәсіл Қазақстанда да жаңа сақтандыру шешімдерінің архитектуралық нормасына айналуы мүмкін.
Медициналық сақтандыру тақырыбы академик В.Н. Локшин модератор болған жеке сессияда қаралды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Сауле Тәжібаева жекеменшік сақтандыру міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне бәсекелес емес, қосымша болуы тиіс екенін атап өтті, әсіресе сыни аурулар мәселесінде. Мысал ретінде: корпоративтік полис есебінен шетелде жоғары технологиялық ем алған пациенттің жағдайы және денсаулық сақтаудағы жыл сайынғы инфляция — 20%-дан жоғары екендігі келтірілді. BCC Life компаниясының өкілі Гүлжан Джақсымбетова мен “MOI сақтандыру брокері” компаниясының өкілі Гаухар Қасымқанова жұмыс берушілердің денсаулық сақтандыру бағдарламаларын тарату арнасы ретіндегі рөлін атап өтті. Грузия реттеушісінің өкілі Эдвард Вахтангишвили мемлекеттік және жеке сектордың аралас үлгілерінің тиімділігін растады.
Форум сақтандыру секторындағы «соңғы қорғаныс шебі» болып табылатын тұрақтылық және кепілдік беру жүйелерін талқылаумен аяқталды. Assuris (Канада), PIDM (Малайзия), IADI, сондай-ақ Австралия мен Ирландияның қадағалау органдарының өкілдері пассивті өтемақы механизмдерінен белсенді алдын алу стратегияларына көшу қажеттігін айтты. Кепілдік беру жүйелері тек шығындарды өтеп қана қоймай, дағдарыс кезінде тізбекті реакциялардың алдын алуы тиіс екендігі атап өтілді. Бұл тұрғыда Қазақстан тұрақты архитектуралық тәсілдің элементтерін белсенді енгізіп жатқан дамушы нарықтың мысалы ретінде қарастырылды.
Форум қорытындысы бойынша болашақ күн тәртібін айқындайтын төрт стратегиялық бағыт белгіленді: цифрлық сенім инфрақұрылымын дамыту, медициналық сақтандыру тетіктерін нығайту, әділ әрі тұрақты автоcақтандыру үлгілеріне көшу, сондай-ақ кепілдік беру жүйелерін институционалдық тұрғыда күшейту.
Kazakhstan Insurance Forum 2025: сақтандыру — жай ғана тәуекелдер емес екенін дәлелдеді. Бұл — шешімдер. Бұл — тұрақтылық. Бұл — болашаққа сенім. Дәл осы жерде, Алматыда, жаңа стандарттардың бағыты айқындалды.